Қастерлі көк туымызда бейнеленген Қазақстан даласының басты нышандарының бірі – дала қыраны (Aquila nipalensis) кейінгі онжылдықтарда күрт азайды. Бүгінде бұл жыртқыш құс халықаралық деңгейде жойылып кету қаупі бар түрлер қатарына жатады. Оның популяциясына негізінен электр желілерінен болатын өлім-жітім, тіршілік ортасының бұзылуы, қорек қорының азаюы, антропогендік әсерлер мен климат өзгерісі ықпал етіп жатыр.
Сарапшылар дала қыранының әлемдік популяциясының шамамен 75%-ы Қазақстан аумағында ұя басатынын айтады. Сондықтан бұл түрдің болашағы елімізде жүргізілетін зерттеулер мен табиғат қорғау шараларына тікелей тәуелді.
Осыған орай Toyota Kazakhstan дала қыранын зерттеу және сақтау жөніндегі ауқымды ғылыми бағдарламаға қолдау көрсетіп отыр. National Geographic Qazaqstan және Зоология институтымен бірлесіп жүзеге асырылатын жоба түрдің қазіргі жағдайын бағалауға, көші-қон жолдарын зерттеуге және оны қорғауға бағытталған ғылыми негіз қалыптастыруды көздейді.
Жобаның өзегі 2026 жылы өтетін далалық экспедициялардан тұрады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Зоология институтының мамандары дала қыраны ұя басатын өңілерде зерттеу жүргізіп, санын, таралу аумағын және көбею көрсеткіштерін анықтайды. Сонымен қатар кемінде алты дала қыранына GPS/GSM таратқыштар тағылып, олардың көші-қон бағыттары, маңызды мекендері және қыстайтын аумақтары зерттеледі.
Бағдарламаның маңызды ерекшелігі – ғылым мен медианы ұштастыруы. Ұйымдастырушылар ғылыми деректер жинап қана қоймай, дала қыранының тағдырына қоғам назарын аударуды мақсат етеді.
Алғашқы экспедиция 2–6 шілде аралығында «Алтын-Емел» ұлттық паркінің аумағында өтеді. Экспедиция құрамына ғалымдармен қатар National Geographic Qazaqstan командасы, фотографтар, видеографтар, журналистер мен блогерлер кіреді. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізсе, шығармашылық топ осы жұмыстарды таспалап, табиғатты қорғау мәселесін кең аудиторияға жеткізуге арналған фото-бейнематериалдар әзірлейді. Әлеуметтік желілерге контент дайындалып, маусым қорытындысы бойынша дала қыранын зерттеу барысы мен ғалымдардың жұмысын баяндайтын деректі фильм түсіріледі.
Toyota Kazakhstan жобаға гранттық қолдау көрсетіп қана қоймай, экспедицияға жол талғамайтын автокөліктерін ұсынады. Бұл шығармашылық топтың шалғай әрі жолсыз жерлерде зерттеу жүргізуіне мүмкіндік береді. Осылайша, компания отандық ғылымға қолдау көрсетіп, биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған табиғат қорғау ісіне үлес қосып отыр.
Ауқымды жұмыс бір сапармен шектелмейді. Тамыз–қыркүйек айларында күзгі көші-қон кезеңін зерттеуге арналған екінші экспедиция ұйымдастырылып, топ Шақпақ асуы мен басқа да маңызды миграциялық дәліздерде жұмыс істейді.
Жоба аясында «Қазақстан құстары» атты фотобайқау да өткізіледі. Оның мақсаты – құстарды қорғау мәселесіне қоғам назарын аударып, табиғат фотографтарын ортақ бастамаға жұмылдыру.
Бағдарламаның қорытындысы қазан айында Алматыда өтетін арнаулы көрмеде таныстырылады. Көрмеге экспедициялар кезінде түсірілген дала қыранының үздік фотосуреттері, маусым барысында алынған ғылыми нәтижелер, бейнематериалдар мен деректі фильм ұсынылады. Сонымен қатар фотобайқау жеңімпаздары марапатталады.
Маусым соңында Зоология институты ғылыми есеп дайындап, зерттеу нәтижелерін мемлекеттік органдарға, табиғат қорғау ұйымдарына және салалық құрылымдарға ұсынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама бір реттік акция емес, дала қыранын ұзақмерзімді зерттеу мен сақтауға бағытталған толыққанды ғылыми бағдарлама болмақ.
Өйткені Қазақстан аспанында қалықтаған дала қыранының тағдыры – тек бір құстың ғана емес, тұтас дала экожүйесінің болашағы.