Арман көлік-2023:

Toyota Kazakhstan жыл сайынғы балалар суреті байқауының жеңімпаздарын жариялады

Toyota-ның «Арман көлік» балалар суреті байқауы – бұл Toyota Motor Corporation (Жапония) компаниясының жаһандық әлеуметтік бастамасы болып табылатын және биыл он жетінші рет өткізіліп отырған Toyota Dream Car Art Contest халықаралық өнер байқауының ұлттық кезеңі.

Байқауды ұйымдастырушылар әлемнің түпкір-түкпірінен келген ұл-қыздарды автокөліктер әлемімен таныстыру, жас суретшілердің, өнертапқыштар мен ойшылдардың шығармашылық талантын дамыту, ең бастысы – оларды армандауға үйрету біздің жылдан жылға жалғасқан мақсатымыз дейді. Өйткені арман – адамды тура жолдан тайдырмайтын, өмірге мән мен бақыт сыйлайтын маңызды шамшырақ.

Қазақстан бұл бастамаға 2020 жылы қосылды. Еліміз үшін енді бұл байқау айтарлықтай маңызды оқиға – өткен жылы жас қазақстандық Амир Мұхтар 7 жасқа дейінгі жас санатында өңірлік кезеңнің лауреаты атанып қана қоймай, Жапонияда өткен халықаралық байқаудың Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Оның жұмысы әлемнің түкпір-түкпірінен келген 782 852 суреттің ішінен жеңіске жетті.

Байқау ережелері қарапайым және жылдар бойына өзгеріссіз сақталып келеді: қатысушылар (балалар мен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер) болашақтың көлігін ойлап тауып, суретін салуы керек. Алайда жай көлік емес, адамзат үшін пайдалы әрі маңызды функциясы бар көлік салып, оған атау беріп, өз идеясын қысқаша сипаттауы керек.

Салт-дәстүрді құрметтеу, отбасына қамқорлық жасау, қоршаған ортаны қорғау – бұл жас суретшілердің биыл салған суреттерінде бейнеленген маңызды тақырыптардың бір бөлігі ғана. Байқауға Қазақстан мен Қырғызстан балаларынан барлығы 541 жұмыс келіп түсті.

Байқауға қатысушылардың түрлі техникамен салған суреттерін қазақстандық суретшілер, ұстаздар мен көркемсурет шеберханаларының жетекшілері бар қазылар алқасы бағалады. Өткен жылғыдай, биыл да оның құрамына Александра Калачева, Аяулым Нурбекова және Ирина Крупеня кірді.

Дәл осы қазылар балалар жұмыстарының байқаудың мақсатына сәйкестігін, идеяның бірегейлігі мен орындалу сапасын мұқият зерттеп, байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің есімдерін анықтады. 

7 жасқа дейінгі санат

Қазылар алқасы бұл санатта бірінші орынды Түркістан облысының Леңгір қаласынан қатысқан Алена Зеленцоваға берді. 6 жастағы Алена ғылыми фантастика әлеміндегі жұмысын «Шаян жинаушы» деп атады. Автордың ұшқыр қиялы және сурет тақырыбының өзектілігі (экология) қазылар алқасының оң бағасын алды.

Екінші орынды Қырғызстан өкілі, Бішкек қаласынан қатысқан 4 жасар Алиса Чухлеба жеңіп алды. Оның суретінің атауы – «Менің отбасымның автобусы». Қазылар алқасы биылғы ең жас қатысушының жұмысына: «Қанық, ұқыпты, позитивті, керемет композиция», – деп баға берді.

Үздік үштікті Анна Ткаченко түйіндеді. «Дәмді» – бұл Павлодар қаласынан қатысқан 7 жасар суретшінің қанық түсті әрі ізгі ниетті суретіне берілген сүйкімді атау. Қазылар алқасының мүшелері фломастермен сурет салудың жақсы техникасын және суреттің фонының өзіндік ерекшелігін айрықша атап өтті.

8-11 жастағы санат

Бұл жас санатында Степногорск қаласынан қатысқан 11 жасар Ева Рыжих «Тазалаушы машина» жұмысымен жеңіске жетті. Қоршаған ортаны қорғауға ат салысып жүрген белсенділердің қуанатыны сөзсіз. Ал түстердің сауатты үйлесімі мен суреттің ойластырылған композициясы қазылар алқасының мүшелерін бейжай қалдырмады.

Екінші орын Павлодар қаласынан қатысқан 9 жасар Маргарита Илюхинаға бұйырды. Сызықтардың тазалығымен таңғалдырған өз суретіне Рита «Ара-машина» деген қызықты атау беріп, өз жұмысын планетамыздың экологиялық денсаулығына арнады.

Avtodino – бұл Түркістан облысының Леңгір қаласынан қатысып, үшінші орын алған 9 жасар Анастасия Зеленцованың өз туындысына берген айрықша атауы. Настяның үй жануарларын қатты жақсы көретіні, Настя үшін олардың жеке өзіндік әлем екені суреттен көрініп тұр. Ал сюжеттің даралығы айрықша назар аударуға тұрарлық.

12-15 жастағы санат

Мұнда басты қошемет пен жеңімпаз атағы 13 жастағы Илья Евдокимовқа бұйырды. Илья Шымкент қаласында тұрады, ол байқауға «Ұшқын көлік» атты суретін жіберді. Қазылар алқасының мүшелері Илья ойлап тапқан көлік пішінінің айрықшалығына мән беріп: «Бәлкім, бұл жас суретші болашақ көлік дизайнері шығар», – деп атап өтті.

Байқаудың «ересек балалар» санатында екінші орын алған, Шымкент қаласының 13 жасар тұрғыны Полина Юрышева «Ханафубики – гүлді боран» жұмысында әлемге Toyota брендін сыйлаған елге құрмет көрсетіп, желдің екпінімен сакура гүлдерінің бір мезгілде түсуінің қандай әдемі көрінетінін көрермендер мен қазылар алқасының есіне салды.

Ересек балалар тобының қатысушылары ішінен үздік үштікті Кенесхан Макаев түйіндейді. Кеңесхан Астана қаласының тұрғыны, 15 жаста, ол өткен заман мен болашақты бір шығармаға арқау еткен еңбегін философиялық тұрғыдан «Барлық жаңа нәрсе – бұл әбден ұмыт болған ескі нәрсе» деп атайды. Қазылар алқасы жас суретшінің тәсілінің өзіндік ерекшелігін бағалады.

Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дәстүрлі түрде сыйлық беріледі: Apple iPad планшеттері (бірінші орын иегерлеріне), медальдар, дипломдар және бағалы сертификаттар. 

Барлық лауреаттардың суреттері Жапониядағы байқаудың әлемдік кезеңіне жіберілді, оның нәтижесін ұйымдастырушылар 2024 жылы жаз-күз мезгілінде жариялайды.

Сонымен қатар қазылар алқасының мүшелері мен Toyota Kazakhstan компаниясының қызметкерлері әр суретті қызығушылықпен қарағанын, олардың әрқайсысы өз шеберлігімен және шығармашылық қабілетімен таңғалдырғанын атап өтті. Олар таланты үшін және уақыт бөлгені үшін барлық балаға рақмет айтады және келесі жылы өтетін байқауда оларды асыға күтеді.