«Toyota арман көлік» балалар суреті байқауын өткізу бастамасын 2004 жылы штаб-пәтері Жапонияда орналасқан Toyota корпорациясы көтерді. 2020 жылы Toyota Kazakhstan осы шараға алғаш рет қосылып, Қазақстан мен Қырғызстан балалары арасында республикалық байқау өткізе бастады. Амир Мұхтар байқаудың бүкіл 20 жылдық тарихында «Toyota арман көлік» әлемдік кезеңінде Қазақстаннан шыққан алғашқы жеңімпаз атанды.
Амир бес жаста, ата-анасымен және бауырларымен бірге Талғар қаласында тұрады. Дәл осы қала атынан жас суретші Toyota ұйымдастырған «Арман көлік-2022» байқауының ұлттық, қазақстандық, сатысында өнер көрсетті. Байқау шарттары бойынша жас дарындар, 15 жасқа дейінгі балалар, адам өмірін жеңілдететін ерекше, бірақ пайдалы функцияға ие арман көлікті немесе болашақ көлігін бейнелеуі тиіс болатын. Амир Мұхтар акварель бояумен салып, 7 жасқа дейінгі жас санатында ұсынған суретіне байқаумен үндес «Арман көлік» деген айдар тағып, байқау нәтижелері бойынша өз тобында үздік үштікке кірді. Кейін балақайдың жұмысы байқаудың әлемдік кезеңіне Жапонияға жол тартып, жеңісті қанжығасына байлады.